Поиск

Эмир Байғазин мен Buro 24/7 арнайы сұхбаты: \"Менің киномның өзіндік мақсаты бар және ол ешкімге ешнәрсе қарыз емес\"

Эмир Байғазин мен Buro 24/7 арнайы сұхбаты: "Менің киномның өзіндік мақсаты бар және ол ешкімге ешнәрсе қарыз емес"

"Төртеудің оқиғасы" мен сопылық және саясаттандырылған фестивальдер туралы

Текст: Майя Акишева

Фото: Марина Карпыкова


Күміс аю жүлдесін иеленіп, сыншылар сүйсіне мадақтаған "Асланның сабақтары" атты дебюттік картинасын ұсынып, көптің үкілі үмітін арқалаған қазақстандық режиссер Эмир Байғазин өзінің екінші Берлиналесінен оралып, Майя Акишевамен кездесті. Арнайы Buro 24/7 жобасына берген сұхбатында режиссер қорытынды жүргізіп, Қазақстандағы "Төртеудің оқиғасы" премьерасына дайындалып, “әдеттегі” көрермен түсінбейтін махаббат туралы фильм түсіруді қолға алмақ.

Сізді “тусовкада” кездестіру мүмкін емес. Бұл сопылық өмір салты немен байланысты?

Мен сопы емеспін, бар болғаны өз ортам бар. Олардың арасында журналистер мен сыншылар жоқ. Мен өзімді жайсыз сезінуге мәжбүрлеп, зеріктіретін жерлерге бармаймын. Бірінші кезекте алкоголь ішпейтініммен байланысты. Бұл белгілі бір дәрежедегі диагноз…

Сіздің сұхбаттарыңыз қазақстандық емес, шетелдік басылымдарда жарық көреді. Баспасөзбен байланыс орнатқанды ұнатпайсыз. “Эфирдегі үнсіздігіңіз” немен байланысты?

Оның әртүрлі себебі бар. Кейде өз өмірімді танымалдылықпен қиындатқым келмейді – ол көңілді алаңдатады. Енді бірде бұл мәнсіз болып көрінеді. Шетелдік БАҚ өкілдері картиналарымды прокатқа шығаруға тікелей әсер ететіндіктен, мен оларға сұхбат беруге міндеттімін – мұны шетелдік продюсерлер талап етеді. “Төртеудің оқиғасы” 11 мамырдан бастап Францияда көрсетіледі. Кейін Швейцарияда прокатқа шығады.

Кей адам "Асланның сабақтары" фильмінен билік жүйесіне деген əжуаны байқаған. Сіз саяси жүйеге қарсы кино түсіресіз бе?

Мен жүйеге қарсы немесе керісінше белгілі бір фильм түсірмеймін. Менің фильмімді әлдебір күштер пайдаланбағанын жөн көрер едім. Мен жүрегімді тыңдап, ең бірінші кезекте өзіме адалдық танытамын. Маған қандай тақырып қызық болса, сол бағытта жұмыс жасаймын. Менің киномның алып мақсаттары бар және ол ешкімге ешнәрсе қарыз емес.

Қазақстанда “Төртеудің оқиғасының” прокаттық тағдыры қандай болмақ? Ол “Асланның сабақтары” секілді үш күн емес, одан да ұзақ көрсетілуі мүмкін деген үміт бар ма?

Мен Қазақстандағы премьерасына байланысты Қазақфильммен келіссіз жүргізуді қолға алдым. Меніңше, олар фильмді жасырудың мәні жоқ екенін түсінген сыңайлы. Ерте ме, кеш пе ол бәрібір Желіге шығады. "Асланның сабақтары” алғаш рет түрікше дыбысталып шықты, кейін ресейліктер оны рутрекерге жүктеді. Мен әлемдік премьерадан кейін фильмді қазақстандық көрермендер алғашқылардың бірі болып көруі тиіс деп санаймын. Сан-Паулудан бастап Пусандағы көрермендер көріп қойған кезде емес.

МЕН “ЖҮЙЕГЕ” ҚАРСЫ НЕМЕСЕ КЕРІСІНШЕ БЕЛГІЛІ БІР ФИЛЬМ ТҮСІРМЕЙМІН. МЕНІҢ ФИЛЬМІМДІ ӘЛДЕБІР КҮШТЕРДІҢ ПАЙДАЛАНБАҒАНЫН ЖӨН КӨРЕР ЕДІМ

Берлиналедегі премьерадан кейін “Төртеудің оқиғасы” қандай фестивальдерге қатысады?

Төртеудің оқиғасы бірінші болып Чонджу мен Кореяда өткен халықаралық кинофестивальге жолдама алды. Фильмді конкурстық бағдарламаға лайық көрді. Картинаны өзге де фестивальдерге шақырды, әзірге олар туралы ашып айта алмаймын.

Өткен жылы “Төртеудің оқиғасын” Берлиналедегі байқауға шақырып, сіздің бас тартқаныңыз рас па?

Иә, бұл солай. Шындығында, олар шақырған мезетте дыбысқа байланысты жұмыстар әлі басталмаған болатын. Мен толықтай дайындалмаған картинаны көрсетуден бас тартқанда, продюсерлермен арада шиеленіскен әңгімелер болды.

 

Эмир Байғазин мен Buro 24/7 арнайы сұхбаты: "Менің киномның өзіндік мақсаты бар және ол ешкімге ешнәрсе қарыз емес" (фото 1)

Сіз жұрт арасында қиын және тым талапшыл адам ретінде танымалсыз. Төртеудің оқиғасы фильмінің командасын неге ауыстырдыңыз?

Мен жұмысқа адамдарды кәсіби біліктіліктеріне қарап емес, адамгершілік қағидаларына қарап таңдаймын. Төртеудің оқиғасын бастарда менен Асланның сабақтарындағы бағалы ойыншыларды ауыстырмауымды, бұрынғы продюсермен жұмыс істей беруімді сұраған болатын. Алайда мен жаңа команда жасақтадым: фильмнің продюсерлері Анна Вильгельми мен Бейбітжан Мүслімов өздеріне тиесілі қызметті бірінші рет атқарды. Берлиннің ресми бағдарламасына қайта ілігіп, фильмнің өндірісіне тағы бірнеше мемлекетті жұмылдырып, әлемде көбірек ақша жинау біздің қолымыздан келді. Мұнымен қатар, мүсінші әрі кескіндемеші Сергей Копылов алғаш рет қоюшы-режиссер қызметін атқарды. Біздің операторлық топ белгиялық DOP Ив Кейптің жетекшілігінде қуана жұмыс істеді. Оның ақысын менің француздық продюсерлерім төледі.

Сіз А класының ресми фестиваль бағдарламасының екі мәрте қатысушысысыз. Screen мен Hollywood Reporter шығармашылығыңызды жіті бақылап, сізді халықаралық кинофестивальдерге қазылық етуге шақырады. Еуропалық мемлекеттер жобаларыңызды қаржыландырады. Өзіңізді алмас асуды бағындырып, қалағаныңызға қол жеткізгендей сезінесіз бе?

Дəл қазір мен өзімді жазғым келетін үлкен романның алғашқы екі абзацындағыдай дəрежеде сезінемін. Төртеудің оқиғасы" туралы трилогиядан бөлек мені қызықтыратын көптеген тақырып бар: махаббаттан бастап құштарлыққа дейін. Еуропалық мемлекеттермен копродакшндегі жұмыс бар. Шетелдіктермен әңгімелесу бір, ал олармен бірігіп жұмыс істеу – екінші мәселе. Мені көп нәрсеге қол жеткізді деп айту әлі ерте. Әлі өзімді ұштай түсуім қажет.

ДӘЛ ҚАЗІР МЕН ӨЗІМДІ ЖАЗҒЫМ КЕЛГЕН ҮЛКЕН РОМАННЫҢ АЛҒАШҚЫ ЕКІ АБЗАЦЫНДАҒЫДАЙ ДӘРЕЖЕДЕ СЕЗІНЕМІН

Төртеудің оқиғасының Берлиндегі премьерасы қалай өтті?

Менің көзқарасым бойынша, өте жақсы. Zoo Palast кинотеатрында көрсетілген фильм басталмай жатып-ақ 800 орындық залда ине шаншар орын болмағанын көргенімде қуандым. Біз мұның әлемдік деңгейдегі премьера екенін сезіндік. Асланның сабақтарына" қарағанда, неміс қазақтары көбірек болды. Кейін барлығы фильмнің құрметіне арналған сауық кешіне аттанды.

Биыл Берлиналеде әділ қазылар президенті Мерил Стрип болды. Сіз оны көре алдыңыз ба?

Мен онымен кешкілік аста жолықтым. Берлинале дирекциясы мені де шақырған Потсдамердегі Dining club-та кешкілік ас ұйымдыстырды. Әділ қазылармен кешкілік ас менің 66-шы Берлиналемдегі әсерлі сәттердің бірі.

Эмир Байғазин мен Buro 24/7 арнайы сұхбаты: "Менің киномның өзіндік мақсаты бар және ол ешкімге ешнәрсе қарыз емес" (фото 2)

Берлинале сізді екінші рет ыстық ықыласпен қарсы алып отыр, әдетте жас киноматографистермен бұлай бола бермейді. Бұл ерекше қарым-қатынас па? Байғазиннің келесі фильмі осы фестивальге жол тарта ма?

Әлі бірнәрсе айтуға ерте. Қазір біздің жағдайымыз мәз емес. Қаржы тапшылығы салдарынан түсірілім жұмыстарын бастай алмай отырмыз. Алайда кастинг пен өзге дайындық жұмыстары өткен жылдың соңынан бері жүргізіліп жатыр.

Берлинде сұхбатта сізге қандай сұрақтар қойды?

Мен Қазақстандағы белгілі бір "тәртіпке" және саясатқа қатысты сұрақтарға қарағанда, кино, өнер, көркем сурет тақырыбына қатысты сауалдардың көбірек болғанына қуандым. Шынымды айтсам, әлемге "азаптау" мен мектептегі зорлық-зомбылыққа қатысты сұрақтарға жауап беруден шаршадым. Шетелдік көрермендер бар назарын осындай тұстарға бағыттап, ең маңызды деген заттарды жіберіп алады. Бұл менің көңіл-күйімді түсіреді. Маған кей кездерде олар бұрынғы əлеуметтік блоктың фильмдерін тек осылай көргісі келетіндей көрінеді. Бірақ өзгелері де бар. Оларды "романтиктер, киносыншылар, ақындар" деп атайды. Бұл жандармен әңгімеміздің ұзаққа созылғанын қалап тұрамын.

МЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БЕЛГІЛІ БІР “ТӘРТІПКЕ” ЖӘНЕ САЯСАТҚА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАРҒА ҚАРАҒАНДА, КИНО, ӨНЕР, КӨРКЕМ СУРЕТ ТАҚЫРЫБЫНА ҚАТЫСТЫ САУАЛДАРДЫҢ КӨБІРЕК БОЛҒАНЫНА ҚУАНДЫМ. ШЫНЫМДЫ АЙТСАМ, ӘЛЕМГЕ “АЗАПТАУ” МЕН МЕКТЕПТЕГІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРУДЕН ШАРШАДЫМ

Сыншылар сіздің стилистикаңыздан Ван Сент, Брессон және Линчке бағытталған қайырма сілтемелерді көреді. "Жаралы періште" картинасы фильмнің лейтмотивіне айналған суретші Хуго Симбергтен бөлек тағы кімге "сәлемдеме жолдайсыз"?

Бір сыншы мені "Шошқалар патшасы" атты корей мультфильмінен шабыт алды деп ойлаған екен. (Күлді.) Мен оны кейін көріп шықтым. Шынымды айтсам, белгілі біреуге сәлемдеме жолдамаймын. Симбергке болмаса. Бірақ бұл сыншылар кейбір ұқсастықтарды байқамайды деген сөз емес. Ортақ алаң ұғымы бар. Адамдар секілді барлық фильм де бір-бірімен тығыз байланысты.

Бүгін А класындағы фестивальдер саясаттандырылған. Фильм жүлде алуы үшін белгілі бір тақырыптағы өзекті мәселелерді көтеріп, шындық көзді шұқитын сәттерге толы болуы тиіс. Дәл қазір Еуропаны бәрінен де босқындар тақырыбы қызықтырады. Бұл кинофестивальдердің ережесіне сай ойнау деген сөз бе? Конъюнтурлық режиссерге айналып кетпеу үшін қай шекарадан аспау керек?

Шек – автордың жүрегіндегі дүние. Сәнге айналған әлеуметтік немесе саяси тақырыптарды, бір сәттік табысты ойлап жүрген кезде кімнің қулық асырып жатқанын тек өзі біледі. "А" класы фестивальдерінің жыл сайын өтетінін елестетіп көріңізші. Жыл сайын белгілі бір есімдер мен жүлдегерлер бар. Алайда кинодағы ұлы есімдер әлдеқайда аз. Олардың кейбірі "алтын аюлар" мен "бұтақтарын" алып көрген емес. Жүлдені сан мәрте алса да, бүгінде көп еске түсе бермейтін режиссер бар. Көптеген жыл бойы орыс әдебиеті рухындағы тыныш әрі ой саларлық кино түсіріп жүрген түрік Джейлан бар. Еңбегіне лайық "бұтақты" жақында ғана алды. Маған фестивальдер өмірге ұқсайтындығымен ұнайды – ол өмірдің артықшылықтары мен кемші тұстарын өзіне сіңіріп отырады. Оларда бір нақты мақсат бар сияқты: жеңіске жету. Және сол сәтте – барлығын өзара салыстыруға болады.

Эмир Байғазин мен Buro 24/7 арнайы сұхбаты: "Менің киномның өзіндік мақсаты бар және ол ешкімге ешнәрсе қарыз емес" (фото 3)

“Төртеудің оқиғасына” қайта оралайық. Әрекеттің жүзеге асқан орнынан бөлек, новеллалар арасында байланыс бар ма?

Әлсіз байланыстар бар. Кейіпкерлер мен новеллаларды өзара біріктіре салуға болатын еді, алайда бұл біріктіру мақсатындағы техникалық аспектілер ғана. “Қылмыс жеріндегі тергеу” фильмінен кейін мұндай іс зеріктірер еді. Мен ағысқа қарсы жүзіп, “Аслан сабақтарының” герметизациялануынан бас тарттым. “Төртеудің” композициясы әлдеқайда қиынырақ. Дайындалған көрермен одан фильм, енді бірі – альманах көреді. Мен қандай іске кіріскенімді алдын ала болжадым. Сондықтан кез келген реакцияға бей-жай қараймын. Менің жалғыз тілегім – фильмді соңына дейін көргізу. Негізі маған жүзеге асып жатқанның барлығы ұнайды. “Асланның сабақтары” – «hot film» десек те болады: дебют, мен 30 жасқа да толған жоқпын, Берлинде конкурсқа қатыстым, екі жүлде… Фильмдегі басты қаһармандардың бірі нағыз “қанышердің” өзі. “Төртеудің оқиғасында” барлығы басқаша. Ол нәзігірек, төрт қаһарман бар және зорлық-зомбылық аз.

ЖҮЛДЕНІ САН МӘРТЕ АЛСА ДА, БҮГІНДЕ КӨП ЕСКЕ ТҮСЕ БЕРМЕЙТІН РЕЖИССЕР БАР. КӨПТЕГЕН ЖЫЛ БОЙЫ ОРЫС ӘДЕБИЕТІ РУХЫНДАҒЫДАЙ ТЫНЫШ ӘРІ ОЙ САЛАРЛЫҚ КИНО ТҮСІРІП ЖҮРГЕН ТҮРІК ДЖЕЙЛАН БАР

“Төртеудің оқиғасына” автобиографиялық сәттер кірді ме?

Мен өзімнің фильмдерімде автобиографиялық ешнәрсе жоқ екенін сан рет айттым. Жалғыз сәйкестік – қаһармандардың өмір сүрген жері. Мен көрші көшелерде “Төртеудің оқиғасы” сюжетіндегідей оқиғалар болып жатқан Қазақстанның батысындағы ауылда өстім. Өзім өте тәртіпті болдым. 90 жж «Хан ауылы» ауданында әкем үй салды. Гимназшы ретінде мектепке және аптасына төрт рет еркін күреске бардым. Қолы қалт етсе ескі транзистрге бас-гитараны қосуға әрекет жасайтын жандардың бірі болдым… Жақсы тәрбием үшін ата-анама алғысымды айтамын.

“Асланның сабақтарындағы” Тимурды екінші рет түсіріп жатырсыз. Бұл жолы неге басты рөлді сомдамады?

Ол өсті. Тимур “Төртеуде” камео – токсикоман-жігіттің рөлін сомдайды – және ол фильмдегі жалғыз монологты айтады.

Мүмкіндігі шектеулі актер Қанағат түсірілім процессіне қалай сіңісті?

Қанағат – нағыз азамат. Ол МРТ сеансындағыдай вагоншамен 20 минут жол жүріп баратын шахтада қызғылт каска киген үлкендермен бірге сыз, суық жерде болып, түсірілімнің барлық қиындығын өткере білді: ол есте қаларлық кейіпкерлердің біріне айналды.

“Асланның сабақтарын” көріп, “Төртеудің оқиғасын” тамашаламақ жанды не нәрсеге дайындар едіңіз?

Алдын ала ешнәрсе күтпестен, фильмді таза санамен көру. Ол әлдеқайда баяуырақ. Алғашқы 15 минут ішінде мен өзімнің уақытыма лайық емес жандарды ұйықтатуға тырысамын. Шыдап баққандар соңына дейін көреді.

Эмир Байғазин мен Buro 24/7 арнайы сұхбаты: "Менің киномның өзіндік мақсаты бар және ол ешкімге ешнәрсе қарыз емес" (фото 4)

Луганода өткен жылдың соңында фотокөрмеңіз болды. Фото сурет – сіздің хоббиіңіз бе?

Бұл фильм түсірмеген кезде жабықпаудың бір тәсілі. Алайда фото сурет – кино емес. “Киноматографтың анасы” деп атаса да, оның табиғаты бөлек… Операторларға менімен жұмыс істеу қиын. Мен сияқтылар сый да, қарғыс та болуы мүмкін. Мен фильм кадрларының ең соңғы миллиметріне дейін ой елегінен өткіземін.

Сөзіңізге сүйенсек, 99% уақытыңызды жұмысқа арнайсыз. Қалған пайызын не нәрсеге жұмсайсыз?

Әдетте картинаны түсіріп болған соң ауылға туысқандарыма барамын. Саман үйге жатып ұйықтаймын. Ол жақта уақыт баяу жылжиды, түске дейін екі рет ұйықтап алуға болады.

Фильмдегі саман үйлердің қарапайымдылығы соншалық, хипстерлік журналдардағы иллюстрациялар секілді көрінеді.

Мен оларды әдемі деп білемін, бұл үйлерде ерекше рух бар. Біздің шенеуніктерге бұл үйлердің әдемі екенін айтсаң, олар бұдан кедейлікті ғана байқайды. Мені Батысқа біздің риясыз шындықты экспорттап жатыр деп ойлайды. Комплекстер мен кемістіктер салдарынан қандай бір арандатушылықты көреді. Режиссер ретінде мен үшін жер мен органикалық әлемнің маңызы зор – мен жерде туып өстім. Осындай ауылдан келген кей қазақ неге екені белгісіз шетелде қой мен саман үйлерді көрсетіп жатқан кезде ұялады. Әдемі ғана емес, өте ерекше – мұндай үй Орталық Азиядан басқа жерде жоқ.

АЛҒАШҚЫ 15 МИНУТ ІШІНДЕ МЕН ӨЗІМНІҢ УАҚЫТЫМА ЛАЙЫҚ ЕМЕС ЖАНДАРДЫ ҰЙЫҚТАТУҒА ТЫРЫСАМЫН. ШЫДАП БАҚҚАНДАР СОҢЫНА ДЕЙІН КӨРЕДІ

Келесіде қандай фильм түсіресіз?

Менің үстелімде жақын уақытта қолға алғым келген екі жоба жатыр. Эскизге дейін барлығы дайын тұр, бірақ қаржы тапшы. Біріншісі – "Синемарт" роттердамдық халықаралық кинофестивалінде таныстырылған мелодрама. Ол жоба ретінде голландиялық Hubert қорынан алғашқы грантын иемденді. Бұл дайындық кезеңі мен кастингтің белгілі бір бөлігіне жететін қаржы. Мұнымен қатар, өзінің жұмысын бастаған франциялық продюсер бар. Бірақ тек шетелдік гранттарға арқа сүйеп бюджет құрастыру қиын. Бұл ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Сондықтан мен әлі де жергілікті өкілдерден қолдау іздеу үстіндемін. Екінші жоба – Төртеудің оқиғасы туралы трилогияның соңғы бөлімі. Сценарий жұмыстарын өткен жылдың қазан айында аяқтадым.

"Асланның сабақтары" мен "Төртеудің оқиғасы" – коммерциялық фильм емес. Сіз ақша табуға болатын фильм түсіргіңіз келе ме?

Мен тепе-теңдікті сақтап тұратын "арт-мейнстрим" туралы бірнеше рет айттым. Ол жерде картинаның құрылымына, пішініне қатысты әлсіз қатынас көрініс тапқан, алайда мұнымен қатар қарапайым көрерменмен тіл табысу мәселесі бар.

Сіз өзіңізді бюджеттердің қайғы-қасіретті тарихи туындыға, президент туралы фильмдер мен телехикаяларға кететін ситуацияда тұрмын деп елестетіңізші. Өзіңіздің мелодрамаңызға ақша жинайсыз, ары қарай не болады? Ақшасыз жақсы кино түсіруге бола ма?

Болады, бірақ сен әбден қажисың. Артынша бюджет барда жарықтың жақсы түсіп, штативтің нық тұруы мүмкін екендігін түсінесің... Амалын таппасам, осылай түсіруіме тура келеді. Мен қатты ашуланатын боламын... бірақ бұл ашуымның қаншалықты көмектесетінін білмеймін.

Қазақстанда бай адамдардың киноны қаржыландырмауының себебі неде деп ойлайсыз?

Құлаққа жағымсыз естілсе де, бұл – жасқаншақтық. Біз өзімізге сенбейміз. Біздің футбол клубтарының атынан шетелдік азаматтар ойнайды. Жақында хандарымыз бен батырларымызды америкалықтар сомдады. Қолында қомақты қаржысы бар қазақтар өздерінің авторларына көп назар аудармайды. Мемлекетімізде көз тартатын жарқыл-жұрқылды шараларға қанша ақша кететінін білген кезде, оның орнына он шақты фильм түсіруге болатыны туралы ойлайсыз. Мұнымен қатар, бізде әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды жақсы көреді. Оларды өздерінің іс-шараларына шақыру үшін ауқымды сома жұмсайды. Менің портфелімде әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды шақырып, АҚШ пен Еуропада жүзеге асырғым келетін жобалар бар. Басқаша айтқанда, мен оларды ивенттердің гонорарына шақырғаннан, бірігіп жұмыс істеуді ұсынғым келеді. Бұл жобалар туралы әлі айту ерте... Маған әзірге "Төртеудің оқиғасы" туралы трилогия мен түнгі қарапайым мелодрамамды аяқтау үшін қаржы табу керек.

Статьи по теме

Подборка Buro 24/7