Поиск

Мәскеулік Театр.doc театрының гастрольдері ARTиШОКтың мерейтойлық маусымын ашты

Мәскеулік Театр.doc театрының гастрольдері ARTиШОКтың мерейтойлық маусымын ашты

Ойнамайтын театр

Текст: Buro247.kz

Фото: Марина Карпыкова


Қазақстанның басты тәуелсіз ARTиШОК театрының XV мерейтойлық маусымы Театр.doc гастрольдерімен ашылды. Алайда оның көркемдік жетекшісі Михаил Угаров Алматыға саясатты алып келмеді – қойылым кезінде көрермендер мен әртістерді милиция алып кететін "Батпақты іс" (шынайы оқиға), Магнитскийдің ісіне қатысты "Сағат он сегіз", "БерлусПутин" да болмады. Десе де алматылық көрермендерді бұл қойылымдарсыз-ақ таңқалдырды. Галина Рыжкина жыныстық қатынас туралы "24 плюс (Жас шектеулері)" атты адал қойылымға барып, полиция эвакуациясының қажеті жоқ екеніне көз жеткізді. Әзірге сахнада жалаңаш адамдардың жүргені жеткілікті.

Михаил Угаров "24 плюс (Жас шектеулері)" қойылымының басында: "Намысымды аяқ асты етті деп ренжитіндер болса, дәл қазір кетіп қалғаны жөн", - деп әртістердің боғауыз сөздер айтатындығын ескертті. Бұл өтініш, әзіл немесе ресми ескерту емес. Осыған дейін православ белсенділері, ЕММЖ және ит жетектеген милиция Театра.doc қойылымдарын талай рет бел ортасынан үзген болатын. Театрдың көркемдік жетекшісі мен директоры прокуратураға жиі баратындықтан, оның сөздерінің жаны бар. Жиылған қауым бұл сөздерді естіген кезде, ду күлді. Алайда әртіс Анастасия Слонина алғаш рет киелі шаңыраққа жат «құш мені» сөзін айтқан кезде, барлығы да өзгеріп сала берді. Залда отырғандардың бірі ақырын ғана күлді, бірақ бір әйел мен екі еркек шешініп, төсекке жатқан кезде, көп көрерменнің жүйкесі шыдамай, ғимараттан бір-бірлеп шыға бастады. Көп емес, алты адам. Ал қалғандары қауіпсіздік арқанын ілмеген даршылардың өнерін тамашалағандай аһылап отырды.

ARTиШОКтың жаңа маусымы жыныстық қатынас туралы әңгімеден басталды. Театр менеджері Настя Тарасова: "Бұл біз үшін өте өзекті мәселе, көгілдір экранда қарым-қатынас комедия мен мелодрама жанрындағы фильмдер арқылы көрініс табады, барлығы бір-біріне ұқсайды, қызықсыз әрі күлкілі де емес", - дейді. Ал Михаил Угаров: "Бұл – қиын әрі соңы үнемі жалғыздықпен аяқталатын трагедия", - дейді. Қаншалықты өзекті екенін билеттердің түгелдей алдын ала сатылып кетуінен-ақ көруге болады. Көрерменге ұсынылған тақырып – классикалық махаббат үшбұрышы – күйеуі, әйелі және көңілдесі (Антон Ильин, Анастасия Слонина, Николай Мулаков) мен олардың бұрын көңіл жарастырған ғашықтары.

Мәскеулік жаңа кино мектебінің жас әртістері үнемі суырып салып отырады, жеке басына қатысты оқиғаларды баяндайды, олардың көп бөлігі өздеріне тиесілі. Барлығы деректі, шынайы, бірақ ойға сыймайтын бірнәрсе бар – сюжеттің өрбуі мен оның кейіпкерлері табатын шешім, бәсекеден бас тартып, үшеуінің бір-бірін ұнатуы. Ойға сыймайды деп өмірде мұндай оқиға болмайтындықтан айтқан жоқпыз. Олар қарапайым пенделер, барлығын түйсініп, сезіне біледі, бір кезде үшеуі кім кімді қаттырақ жақсы көреді деп ойлана бастайды. Ал ең соңында режиссер жалғыздықтан қашып құтылу мүмкін еместігіне иландырады.

Жыныстық және отбасылық қатынастың (отбасы – қоғам тірегі екенін білеміз) призмасы арқылы бәсекелесу мен жарысудан бас тартқан қоғам туралы қиялды кинода сан рет сынға алған болатын. "Арманшылдар" фильміндегі Трюффо, Бертолуччи. Бірақ ол – кино, ал мынау – театр. Театр жасандылықтан ада, шынайылықтың жаршысы. Сондықтан алматылықтар аһылап-уһілеп, кейбіреуі тіпті кетіп қалып жатты. Михаил Угаров көрермендердің әсерін күтті: "Маған көрермендердің қойылымды қалай қабылдайтындығы қызық, режиссер өзінің қойылымын көрмейді, оны көріп отырған көрерменді жіті бақылайды".

Угаров Алматыға саясатты әкеле алатын еді. "Жаңбыр", жанға жара салатын Магнитский туралы "Батпақты іс", "БерлусПутин" сынды көптің көңілінен шығатын қойылымдарды әкелмеді. "24 плюс", "Лир-Клещ" пен "Акын-Операны" алып келді. Барлығын жеңілдетер болсақ, Театра.docтың Алматыдағы үш қойлымы – жыныстық қатынас, түрме (іші мен оның айналасы) және гастарбайтерлер. Барлығы да шынайы, өзекті, тайға таңба басқандай түсінікті және болмысымызға жақын. Біз бен біз өмір сүріп отырған бәсеке бар, өмір сүру үшін күресуге тура келетін қоғам туралы.

ARTиШОК бұл гастрольдермен өзінің де, көрермендерінің де деңгейін көтерді. Барлығын ескерсек, жаңа қарқынға ие болғанын байқауға болады. XV маусым – театрда жүргізілген жөндеу жұмыстары, буфет немесе кәдесыйлар дүкені емес. Бұл - көптің көкірегіне қалың ой салатын, көрермендерге пікір алмасуға мүмкіндік беретін деректі репертуарлар мен қойылымдар. Көрерменге деген адалдық, тақырып таңдаудағы батылдық. Мейлі қойылымның ортасында біреу ұялып тұрып кетсін, бұл театрдың әлі аяқталмаған жұмысының бар екенін білдіреді. Мәскеулік Театр.doc көрермендерін залдан тек ЕММЖ әскерлерінің көмегімен ғана шығаруға болады.

Больше